БілімБасты жаңалықтарМереке

Екі жаңа мектеп пайдалануға берілді

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Ақтөбе қаласы Алматы ауданына қарасты екі ауылда жаңа мектеп пайдалануға берілді. Украинка мен Бекқұл баба ауылдарында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен қала әкімі Мавр Абдуллин қатысты.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Украинка ауылының тұрғындары үшін бұл жолғы мемлекеттік мереке ерекше есте қалмақ. Өйткені, бұл күні тұрғындардың көптен күткен армандары орындалып, ауыл балалары үшін жаңа 300 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтап, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

— Елбасының сарабдал саясатының арқасында соңғы жылдары Тәуелсіздігіміз нығайып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ерекше қарқынға ие болды. Еліміз халықаралық аренада терезесі тең, керегесі кең мемлекетке айналғалы бері, өңірлеріміздің де әлеуеті ерекше қарқынмен өсіп келеді. Әсіресе, біздің сүйікті қаламыз Ақтөбе қаласын қай жағынан алып қарасақ та алдыңғылар қатарында.

Келешегін ойлаған кез келген мемлекет алдымен өсіп келе жатқан өскелең ұрпағы мен жастарына ерекше көңіл бөліп, солардың жарқын болашағы жолында жұмыс жасайды. Болашақта біз бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеп өсіруіміз үшін

бүгіннен бастап заман талабына сай білім беруіміз қажет. Біздің балаларымыз қай жерде болмасын өзінің Тәуелсіз мемлекеттің ұрпағы екендігін мақтан тұтып айта жүруі тиіс.

Бүгін пайдалануға беріліп жатқан жаңа еңсесі биік, заман талабына сай жабдықталған жаңа ғимаратта балаларымыз сапалы білім алып, саналы азамат болып өсіп шықсын. Конституция күні мен Білім күні құтты болсын! — деді облыс әкімі.

Жаңа білім ордасының дәстүрге сай лентасы қиылған соң облыс әкімі бастаған топ мектеп ғимаратының ішін аралап көріп, жай күйімен танысты. Құрылысын «Строй Мұнай Сервис Ақтөбе» ЖШС жүргізген білім ордасы — екі қабатты. Жалпы аумағы 6461,5 шаршы метр болатын оқу ғимараты балалардың оқуы мен қатар, мәдени және спорттық тәрбие алуын қамтамасыз етуге арналған. Кітапхана, асхана мен спорт залдары арнайы заманауи жабдықтармен жарақталған. Сондай-ақ білім ордасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жеделсаты, арқалықтары бар пандустар бар.

Жаңа мектептің ашылғанына ауыл тұрғындары ерекше қуанышты. Әсіресе балалары Благодар және Қызылжар елді мекендеріне қатынап оқитын ата-аналар дән риза.

— Бүгін ауылымызда бой көтерген жаңа мектептің ашылу салтанатына келіп, балаларымыздың бал-бұл жайнаған жүздерін көріп қуанып отырмыз. Мектеп жасында оқитын екі балам бар. Бірі 8-ші сыныпқа аяқ басса, қызым биыл дайындық тобына келіп жатыр. Бұған дейін ұлым Мұхтар Арын атындағы мектепке қатынап оқып жүрді. Бүгін міне, үйімізге жақын маңнан жаңа мектеп ашылды. Өте қуаныштымыз. Мектептің ішін аралап шықтық. Оқуға ынтасы бар балаға барлық жағдай жасалыпты, — дейді ата-аналардың бірі Балия Қойшығұлова.

Бұдан соң облыс әкімі Бекқұл баба ауылында бой көтерген №76 мектептің салтанатты ашылуына қатысты.

Екі қабатты 300 орындық мектептің құрылысын «РегионСервисАқтөбе» ЖШС компаниясы жүргізіпті. Жалпы ауданы 6461,5 шаршы метр болатын мектеп құрылысына 1 059 520 000 теңге қаражат жұмсалған. Мерекелік шара барысында құрылыс компаниясының директоры Мұратбек Бекмағамбетов дәстүр бойынша символикалық кілтті мектеп басшылығына табыстады. Ал өз кезегінде құттықтау сөз алған ауыл тұрғыны Жақсылық Көшкенбаев ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышымен құттықтап, ел ағаларына алғысын білдірді.

Жаңа мектепте баланың оқуына және жеке тұлғаның шығармашылық дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Спорт залы мен 120 орындық асхана, 100 орындық акт залы, медиатека мен шеберханалар бар. Мектептің бірінші қабатында дәрігер бөлмесі орналасқан.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовтың айтуынша, Бекқұл баба ауылында ашылған жаңа мектеп ауылда бұған дейін 100 балаға шақтап салынған мектептің үш ауысыммен оқу мәселесінің шешілуіне ықпалын тигізеді. №76 жаңа мектеп Бекқұл баба 1, Бекқұл баба 2 тұрғын үй алаптарында, Белагор, Өлке ауылдарымен қатар, «Анисан», «Асан-Н» шаруа қожалықтарында тұратын балаларды орта біліммен 100 пайыз қамтуға мүмкіндік береді.

— Бұл орта мектепте балалар көркемдік-эстетикалық, интеллектуалды-танымдық тұрғыда дамитын болады. Ал ауылда бұған дейін салынған 100 орындық мектептің ғимаратын сол ауылдың балаларына қосымша білім беру үшін «Ақжелкен» аула клубының филиалына беруді жоспарлап отырмыз, — деді қаланың бас ұстазы.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button